☝ 30 күннің ішінде сұлу болу үшін
Міне, жаздың басталуына да бірнеше күн қалды. Жаз әдетте оқу бітіру кеші, той, кездесулер маусымы саналады. Сол себепті аз уақыттың ішінде дене мүсінін түзеп, бетке, шашқа арнайы күтім жасау керек. Күтімге қатысты 10 кеңес ұсынамыз:
✅ Бірінші кеңес
Күнде таңертең аш қарынға 1 ас қасық зығыр дәнін жеп тұрыңыз. Жақсылап шайнап, жылы сумен ішіп жіберіңіз. Бұдан соң жарты сағаттан кейін ғана тамақтануға болады.
Мұның қандай пайдасы бар?
Зығыр дәні ағзаны тазартады. Нәтижесінде бет терісі тегістеліп, жаңарады. Арықтағаныңызды да байқайсыз. Сонымен қатар зығыр дәні шаш пен тырнақты мықты етеді.
Ескерту: ағзаңызда тас бар болса, зығыр дәнін жеуге болмайды.
✅ Екінші кеңес
Күнде қайнаған қызылшадан салат жасап жеңіз. Оны түскі не кешкі асқа дайындауға болады.
Мұның қандай пайдасы бар?
Қызылша — қанды тазартатын тамаша азық. Қан тазалығының сыртқы келбетке тікелей әсері бар. Сондай-ақ терінің қалпы мен ішкі органдардың жұмысына да әсер етеді.
✅ Үшінші кеңес
Ұйықтауға бір сағат қалғанда бетке глицерин мен Е дәруменінің қоспасын жағыңыз. Оны дайындау үшін 30 гр глицерин мен Е дәруменінің 10 капсуласы керек болады. Капсуланы инемен тесіп, бір құтыға майын сығып алыңыз. Глицеринмен араластырып, бетке жағудың алдында теріні жақсылап тазартыңыз. Жұмсақ щеткамен бетті уқалап, қызартыңыз. Сонда жасушалар қоспаны өзіне түгелдей сіңіріп алады.
Мұның қандай пайдасы бар?
Күнде таңертең бетіңіздің жылтырап, ағарып, ылғалданып тұрғанын байқайтын боласыз. Әжім де жазылып, беттің өңі жақсарып, түсі бір тегіс болады.
✅ Төртінші кеңес
Күніне тамақтану кезінде 50 гр жаңғақ жеуге әдеттеніңіз. Өзіңізге ұнамды кез келген түрін таңдауыңызға болады: миндаль, грек, арахис, т.б.
Мұның қандай пайдасы бар?
2 аптадан соң шаш пен тырнақтың мықты болғанын байқайсыз. Әрі ағзаға да пайдалы.
✅ Бесінші кеңес
Құрғақ қышаға өсімдік не ошаған майын қосып, маска дайындаңыз. Ылғал шашқа жағып, жарты сағаттан кейін жуып тастау керек. Мұны аптасына 3 рет қайталаған жөн.
Мұның қандай пайдасы бар?
Бір айдан кейін шашыңызды танымай қаларыңыз сөзсіз. Шаш қалыңдап, жылтырап, көлемдірек бола түседі.
Алтыншы кеңес
Дүкеннен табиғи мақтадан не жүннен (жыл мезгіліне қарай) тігілген шұлық сатып алыңыз. Сары май мен бірнеше тамшы жалбыз майын араластырып, қоспа дайындаңыз. Ұйықтар алдында душтан кейін аяғыңызға қоспаны жағып, уқалаңыз.
Мұның қандай пайдасы бар?
Мұны жаз басталмай тұрып жасаған дұрыс. Себебі ыстық құмның үстінде бірнеше сағат бойы жалаң аяқ жүрген соң аяғыңыздың терісі қатайып, жарылып кетуі мүмкін. Ал бұл алдын ала күтім жасау болып саналады.
✅ Жетінші кеңес
Сүрменің түтігін жаққышымен сабындап тазартып алыңыз. Кепкен соң ішіне бидай ұрығының майын тамызыңыз. Ұйықтар алдында майды кірпікке жағу керек. Көп жағудың қажеті жоқ.
Мұның қандай пайдасы бар?
Бір айдан кейін кірпігіңіздің қалыңдап, өсе бастағанын байқайсыз.
✅ Сегізінші кеңес
1 стақан тұзға 1 стақан майлы қаймақ қосып, араластырамыз. Жуынып болған соң жөкемен қоспаны денеге жағып шығамыз. Содан соң жылы сумен шайып тастау керек. Әр жуынған сайын қайталап тұруға ерінбеңіз. Қоспаны тоңазытқышта сақтауға болады.
Мұның қандай пайдасы бар?
Тұз қабыршақтанған теріні алып, тазартады. Кішігірім безеуді де кетіреді. Қаймақ тұзды жұмсарту үшін керек, әйтпесе тері қызарып қалуы мүмкін. Сондай-ақ қаймақ жасушаларды нәрлендіреді.
✅ Тоғызыншы кеңес
Гүлтәжі (амарант) майын тауып алсаңыз жақсы болар еді. Себебі оның құрамындағы сквален – теріміздің негізгі компонеттерінің бірі. Май терімізге 100 пайыз сіңіп, әжімді, тыртықты, күйген, созылған теріні емдейді. Оны күнделікті бетке, денеге жағып тұру керек.
✅ Оныншы кеңес
Суға бірнеше тамшы (1 литр суға 5 тамшы шамасында) ментол майын қосыңыз. Шашты жуған соң осы сумен шаюды әдетке айналдырыңыз.
Мұның қандай пайдасы бар?
Шашыңыз жаңарып қалғанын бірден байқайсыз. Оның тіпті бас ауруын да басатын қасиеті бар. Қайызғақты емдеп, шашты тез майланудан қорғайды.
Осы аталған 10 кеңестің бірін қалдырмай, ерінбей жасайтын болсаңыз, бір айдың ішінде сырт келбетіңіздегі өзгерістерді байқайсыз.
Іске сәт!